М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театры «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымын 100 жылдығымен құттықтады

19 мамыр, 2022

16-18 мамыр күндері аралығында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) 100 жылдығына орай Компанияның арнайы шақыртуымен М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы Атырауға гастрольдік сапармен келді.  

Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының сахнасында  үш күнге созылған өнер кешінде ұлттық драма театрының ұжымы мұнайшыларға қоюшы режиссерлар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Кәкішеваның «Таңсұлу» драмасын,  Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері А.Рахимовтың «Бес бойдаққа бір той» комедиясын және Ж.Жұманбайдың «Қара» драма-диалогын сахналады.  

- Бүгін қазақ мұнайының қарашаңырағына айналған «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 100 жылдығына орай қазақ өнерінің қарашаңырағына айналған М.Әуезов атындағы ұлттық театрдың келуін тарихи сабақтастық деп ойлаймын. Біздің іргетасымыз сонау 1922 жылы қаланған болса, аталмыш театрдың алғаш рет 1926 жылы Қызылорда қаласында тұсауын кескен болатын. Атақты С.Қожамқұлов ағамыз бастаған ұжымға бүгін қазақ өнерінің майталманы, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов ағамыз жетекшілік етіп келеді. Бізге өнер кешін сыйлап, көңілімізді көтеріп, мерейтойымызды бірге бөліскендеріңізге ембілік көрермендер атынан алғыс айтамын, - деп атап өтті  Компанияның  Басқарма төрағасы Есен ҚАЙЫРЖАН.

  1926 жылы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен алғаш Қызылорда жерінде шымылдығын ашқан өнер ұжымына  биыл 96 жыл.   

- Ел экономикасында алар орны үлкен «Ембімұнайгаз» компаниясы ұжымының рухани-мәдени дамуға  көңіл бөлумен қатар мүмкіндігінше өнер ұжымдарына да қолдау көрсетіп отыратыны үлкен ризашылық тудырады. Сіздерді мерейтойларыңызбен құттықтай отырып, компанияларыңыз қарыштап дами берсін дейміз, - деді мерекелік шарада  М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов.

«Ембімұнайгаз» АҚ атынан қазақ театры мен киносының тарланы А.Әшімовке Алғыс хат табысталып, иығына шапан жабылды. М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Е.Жуасбекке және Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ академиялық драма театрының директоры Б.Жаменовке де ембілік мұнайшылар атынан Алғыс хат табысталды.

 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09

Индира САТЫЛГАНОВА І.Satylganova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-34-66

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2021 жыл аралығында аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 900 млн теңгеге жуық   қаражат аударды.