«ҚазМұнайГаз» басшысы Атырау облысындағы полипропилен өндіретін кешенді іске қосу дайындығымен танысты

08 маусым, 2022

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Атырау облысында салынып жатқан полипропилен өндіретін біріккен газ-химия кешеніне барды.

     М. Мырзағалиев кешенді пайдалануға беру бойынша дайындық жұмыстарымен танысып, негізгі нысандарды аралады. Атап айтқанда, пропанды сақтау паркін, пропанды дегидрлеу және пропиленді полимерлеу қондырғыларын, дайын өнімді сақтау қоймасын, орталық зауыт зертханасын және орталықтандырылған операторлар залын аралап шықты.

Ұлттық компания басшысы жобаны іске асыруда едәуір жұмыс атқарылғанын атап өтті.

«Біріккен газ химия кешенін салу жобасы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында, сондай-ақ қоғамның да жіті назарында», - деді «KPI Inc.» ЖШС-де өткен жұмыс бабындағы жиында М.Мырзағалиев.

     Қазіргі таңда жоба жұмысы 99,20 пайызға орындалып отыр. Кешен аумағында негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Жылына 500 мың тонна өнім өндіретін кешен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының елеулі жобасына айналып, көмірсутектердің одан да терең өңделуін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жоба операторы – «KPI Inc.» ЖШС.

     Бұдан бөлек, М. Мырзағалиев сапар барысында Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) барды. АМӨЗ басшылығы «Tazalyq» жобасын жүзеге асырудың қазіргі көрсеткіштері туралы баяндады. Аталмыш жоба зауыттың ағынды суларын тазарту қондырғыларының модернизациясын, сондай-ақ ауданы 860 гектар булану алқаптарын қалпына келтіруді көздейді. ҚМГ Басқарма төрағасына тазарту қондырғыларын салу бойынша алғашқы кезеңнің құрылыс-монтаждау жұмыстарының 73%-ы орындалғаны туралы айтылды. Жоба 2023 жылдың желтоқсанында толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

    Жұмыс сапары «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) кеңсесіндегі жиынмен аяқталды. Ембі басшылығы ҚМГ төрағасына «Интеллектуалды кен орны» жүйесін өз өндіріс орындарында енгізудің нәтижелерін таныстырды. Жоба өндіріс нысандарында технологиялық процестерге шұғыл мониторингті іске асыруға мүмкіндік береді (өндірісті басқару, көліктерге мониторинг жүргізу, арнайы техниканы пайдалану және т.б.).

 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09

Индира САТЫЛГАНОВА І.Satylganova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-34-66

 

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2021 жыл аралығында аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 900 млн теңгеге жуық   қаражат аударды.