«Ембімұнайгаз» АҚ ғасыр тойын тойлады

05 қыркүйек, 2022

Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театрында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Салтанатты жиынға ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайылов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы М.Мырзағалиев, Атырау облысының әкімі С.Шәпкенов, ардагер мұнайшылар мен арнайы шақырылған ресми қонақтар және «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымының қызметкерлері қатысты.

Премьер-Министр өз сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ секторын экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде дамытудың маңыздылығын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның дамуында саланың және отандық мұнайшылардың еңбегі зор екенін ұдайы ерекше атап өтетінін айтты.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, бір ғасырлық тарихы бар «Ембімұнайгаз» кәсіпорны қаншама даңқты мұнайшылар әулетін тәрбиелеп, мыңдаған ұлттық кадр дайындап шығарды.

«Ембілік геологтар еліміздің Батыс аймағындағы ірі мұнай кеніштерін ашуда зор еңбек сіңірді. Соның арқасында мұнай-газ саласы ел экономикасы дамуының локомотивіне айналды», - деді Әлихан Смайылов.

Салтанатты шарадағы арнайы дайындалған деректі фильмде отандық мұнай өндіруші компанияның ғасырлық тарихы жан-жақты көрсетілді.

Ембі - бұл қазақ мұнайының бастауында тұрған көне кәсіпорын. Ол 1922 жылы Доссор және Мақат кен алаңдарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі болып құрылды. 100 жылда ембілік мұнайшылар 188 млн тоннадан артық қара алтын өндірді.

«Ембімұнайгаз»АҚ бүгінгі таңда «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының негізгі өндірістік сегменті болып отыр.

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның ғасырлық тойына арналған салтанатты жиында мұнай-газ саласына айрықша үлес қосқан ардагер мұнайшылар мен мерейтойға табысты еңбектерімен келген жекелеген қызметкерлер мемлекеттік жоғары марапаттармен ұлығыланды. Олардың қатарында ардагерлер Табын Оржанов пен Есен Тасқынбаев III дәрежелі «Барыс» орденімен, Мәнсия Бабашева «Парасат» орденімен, Меңдеш Салихов, Қазира Суюнгариева, Жұмабек Жамауов «Құрмет» орденінің иегері атанды.

Сонымен қатар жиында «Ембімұнайгаз» АҚ бір топ ардагер мұнайшылары мен мамандары III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен  марапатталды.

 

 

 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09

Индира САТЫЛГАНОВА І.Satylganova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-34-66

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2021 жыл аралығында аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 900 млн теңгеге жуық   қаражат аударды.