Ембі: Кадрлар ұстаханасы дәстүрлерін дәріптеудің үлгісі

21 сәуір, 2023

«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі – ЕМГ немесе Компания) өндірістік нысандарында дуалды жүйе бойынша оқуды аяқтаған 16 студент тестілеу нәтижелері бойынша Компанияға жұмысқа қабылданды. Жас мамандармен «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Сәбит Арынов кездесті.

Компания басшысы жұмысқа орналасу талаптарын орындаған қызметкерлерді құттықтап, еңбектеріне табыс, кәсіби өрлеу және заманауи өндіріс талаптарына сай даму тіледі.

«Дуалды оқыту жүйесі техникалық мамандарды даярлауда өзінің тиімділігін дәлелдеді. Аталған бағдарлама бойынша 2015-2022 жылдар аралығында «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік нысандарында 242 адам оқытылды, оның 83-і біздің кәсіпорынға жұмысқа орналасты. Бүгіннен бастап сіздер үлкен ұжымымыздың бір бөлшегіне айналасыздар. Бар білім, күш-жігерлеріңізді Ембінің дамуы жолына жұмсайтындарыңызға сенімдімін», - деді С.Арынов.

Еске салайық, «Ембімұнайгаз» АҚ студенттерді дуалды оқыту бағдарламасын қолға алғанына 8 жылдан астам уақыт өтті. Бағдарламаға Атырау облысындағы мамандандырылған жоғары оқу орындары, колледждердің 3, 4 курс студенттері қатыса алады. Компанияның дуалды оқыту бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы серіктестері – С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, APEC PetroTechnic жоғары колледжі, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі және С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі. Оқыту вахталық әдіс бойынша жүргізіледі, яғни, 14 күн теория және 14 күн тәжірибе. Дуалды оқыту бағдарламасын меңгеру барысында ЕМГ тарапынан жаңадан келген мамандарды әлеуметтік қолдау тетіктері қарастырылған. Яғни, Компания  студенттерді тамақ, арнайы киім, жатын орынмен қамтамасыз етіп, өтемақы төлейді.

2023 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-да 65 студент дуалды оқытудан өтуде. Теориялық білімді тәжірибеге ұштастыра отырып, жастар жұмысшы мамандықтарын игереді. Олардың қатарында ұңғымаларды барлау операторы, мұнай және газ өндіру операторы, химиялық талдау лаборанты, электр жабдықтарын жөндеу-техникалық қызмет көрсету электромонтері бар.

«Ембімұнайгаз» АҚ дуалды оқыту бағдарламасын жүзеге асыру арқылы жұмыспен қамту бағытындағы мемлекеттік ұстанымды қолдайды. Жастар үшін әлеуметтік даму сатысын қалыптастырып, жүз жылдық тарихы бар Ембінің «кадрлар ұстаханасына» қатысты өзіндік дәстүрлерін дамытады.

БАҚ-пен байланыс үшін:

Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66

Гүлжан ӘмІрова: G.Amirova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-32-09

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.