Жеңіске жетелеген тылдағы ерлік

05 мамыр, 2023

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығы қарсаңында «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ немесе Компания) басшылығы ембілік ардагер мұнайшылар-тыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтады.

«Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Сәбит Арынов пен орынбасарлары еңбек ардагерлерінің үйіне барып, ақсақалдармен жүздесті. Сыйлық табыстап, соғыс жылдарындағы жанқиярлық еңбектері үшін алғыс білдірді.

Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келген КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі Мақаш Рахметов жастық шағында басынан өткерген ауыртпалықты әлі де ұмытпайды. Ұрланған балалық шақ, соғыстан кейінгі қалыптасу жылдарындағы қажыр-қайрат пен табандылық, ел еңсесін тіктеп, қалыпты өмірге оралуы жолындағы жылдарға жалғасқан бейбіт еңбек – мұның бәрі Ембі ардагерлерінің теңдессіз ерлікке тең өмір белестері. Олар – өз ұжымы, ембіліктірдің қазіргі буын жастары үшін қаһармандар.

Жарты ғасырдан астам ғұмырын геология саласына арнаған КСРО Мұнай өнеркәсібінің үздігі Мақаш Рахметов «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына қамқорлық пен ілтипат үшін алғыс айтып, кәсіпорынның табыстарға жете беруіне тілектестік білдірді.

«Аға ұрпақ әрқашан адал еңбектің, төзімділік пен табандылықтың үлгісі болып қала бермек. Жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан Ембі жұмысшыларының ерлігін ерекше атап өтуге болады. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін», – деді С.Арынов.

Бүгінде «Ембімұнайгаз» АҚ-да 49 ардагер-тыл еңбеккерлері бар. Оларға Компания тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.  

БАҚ-пен байланыс үшін:

Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66

Гүлжан ӘмІрова: G.Amirova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-32-09

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.