«Ембімұнайгаз» АҚ горизонталды бұрғылау арқылы шығындарды азайтты

26 мамыр, 2023

«Ембімұнайгаз» АҚ (әрі қарай ЕМГ немесе Компания) тәжірибесіне 2019 жылдан бастап енгізілген горизонталды бұрғылау әдісі өз тиімділігін дәлелдеп, жақсы нәтижелер көрсетуде.

Бүгінгі таңда  Компанияға қарасты игеріліп жатқан 34 кен алаңының 16-да горизонталды бұрғылау әдісі қолданылады. 2019-2022 жылдар аралығында 55 горизонталды ұңғыма бұрғыланып, пайдалануға берілді.

Ұңғымаларды горизонталды бұрғылау әдісінің мақсаты – қабаттың дренаждық ауданын ұлғайту арқылы  қалған мұнай қорларын өндірудің  тиімділігін вертикалды ұңғыларға қарағанда арттыру және мұнай беру коэффициентін өсіру.

Жаңа технологияның нәтижесінде өндірілуі қиын мұнай қорларын игеруге және жыл ішінде бұрғыланатын ұңғымалардың санын арттыруға мүмкіндік туды.

- Ұңғымаларды горизонталды бұрғылау жобасын енгізу және тарату  жыл сайынғы мұнай өндіру жоспарын орындауға мүмкіндік берумен қатар, кен орындарын игерудегі  бүгінгі жағдаймен салыстыра айтсақ, геологиялық себептерге байланысты ұңғымаларды вертикалды бұрғылаудың тиімділігі төмендеген кезде, өндірілетін мұнайдың тәуліктік 1 тоннасының шығындарын 45 пайызға азайтуға мүмкіндік береді, – деді «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының геология және игеру жөніндегі орынбасары Қайрат Көзов.

Сонымен қатар, пайдалануға берілген ұңғымалардың жалпы санының азаюы қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарындыларын төмендетеді және келешекте ұңғымаларды жою шығындарын азайтады.

Осылайша, өндірудің жоғарғы сатысына жеткен кен орындарын жандандыру үшін ғасырлық белесті бағындырған «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай өндіруде заманауи тәсілдер мен технологияларды қолдануда.

БАҚ-пен байланыс үшін:

Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66

Гүлжан ӘмІрова: G.Amirova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-32-09

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.