Көпбалалы отбасына көмек берілді

04 мамыр, 2022

Қазақтың қолдаушысы да, қамқоршысы да – қазақ. Есте жоқ ескі заманнан бері жесірін де, жетімін де жылатпаған халықтың бүгінгі ұрпағы сол үрдісті жалғастырып келеді.

Айлардың сұлтаны – Рама­зандағы Қадір түні қар­саңын­да Жылыой ауданының мұ­най­шы­лары асыраушысынан айы­рыл­ған отбасыға қайырым­ды­лық көмек көрсетті. Олар аудан орталығы – Құлсары қаласында тұратын көпбалалы ана Нұргүл Ғабдолова­ға екі бөлмелі пәтер сатып алып берді. Шындығында бес баласы бар ана мұндай көмекке зәру еді. Оның күйеуі қайтыс бол­ған. Қазір балаларын өзі тәр­биелеп отыр. Балаларының үшеуі – оқушы, екеуі әлі мектеп­ке бармаған. Үлкен қызы тубер­кулезге қарсы диспансердің есе­бінде тұр. Бірақ ешкімнің алдына алақан жайып бармаған. Қалталы кәсіпкерлерден көмек сұрамаған. Осы кезге дейін көпбалалы отбасы баспана жалдап келген.

– Жылыой ауданынан «қара алтын» өндіретін «Жылыой­мұ­найгаз» басқармасының мұнай­шылары көпбалалы отбасына көмек көрсету үшін ерікті түрде қаражат жинау бастамасын көтерді. Жиналған қаражатқа Құлсары қаласынан екі бөлмелі пәтер сатып алынды. Өткен жылы мұнайшылардың осындай демеушілігімен Доссор кентінен үш үй, Құлсары қаласынан бір пәтер сатып алынған еді. Мұндай игілікті іс биыл да жалғасын тауып отыр, – дейді «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рысты Тасмағамбетова.

Мұнайшылар көпбалалы отбасыға сыйға берілген пәтер орналасқан үйдің дәлізіне жөндеу жүргізді. Ал қоныс той иесіне кілем тарту етті.

Дереккөз: https://egemen.kz/