М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртістері Ембі мұнайшыларын ғасырлық мерейтойымен құттықтады

20 мамыр, 2022

«ЕМГ» АҚ-ның 100 жылдығын атап өту аясында бірқатар іс-шаралар, соның ішінде мәдени шаралар жоспарланған. Ғасырлық мерейтой салтанаты танымал композитор, өнертанушы, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақановтың шығармашылық кешімен басталса, бұл жолы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның арнайы шақыртуымен М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Атырауға үш күндік гастрольдік сапармен келді.

Махамбет атындағы Қазақ академиялық драма театрының сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері А.Кәкішева мен Ә.Рахимовтың «Таңсұлу» драмасы мен «Бес бойдаққа бір той» комедиясы, сондай-ақ Ж.Жұманбайдың «Қара» драма-диалогы ембілік мұнайшылар назарына ұсынылды.

- Қазақ мұнайының іргетасын қалаған «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 100 жылдығына орай қазақтың театр өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының келуін тарихи сабақтастық дер едім. Аты аңызға айналған С.Қожамқұловтың жетекшілігімен қызметін бастаған шығармашылық ұжымды бүгінде қазақ өнерінің майталманы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов басқарады. Бізге осындай мерекелік тамаша көңіл-күй сыйлағандарыңыз үшін ембілік көрермендер атынан шын жүректен алғыс білдіремін, - деді Компанияның басқарма төрағасы Есен Қайыржан.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов:

- Сіздерді ғасырлық мерейтойларыңызбен құттықтаймыз. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ресми тарихы Доссор мен Мақат кен орындарын игеру үшін «Ембімұнай» тресінің құрылуынан бастау алады. Компания ел экономикасына қомақты үлес қосып келеді. Тек соңғы 10 жылдың ішінде - 2012 жылдың қазан айынан бастап 2021 жылға дейін «Ембімұнайгаз» АҚ Ұлттық қорға, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлеуге 1 трлн 303 млрд-тан астам теңге, өңірдегі инфрақұрылымды дамытуға 4 млрд 900 млн теңгеге жуық қаржы бөлді, - деп, мұнайшыларды құттықтады.

«Жайықмұнайгаз» МГӨБ қызметкері Роберт Ғұмаровтың айтуынша, мұнайшылар қойылымдарды сүйсіне тамашалаған. 

- Бүкіл әріптесімді мерейтоймен құттықтай отырып, компанияға бізге осындай мерекелік көңіл-күй сыйлағаны үшін ризашылығымды білдіремін! ЕМГ өз қызметкерлерінің еңбек етуіне, демалысына оңтайлы жағдай жасауға көп көңіл бөледі. Біздің тамаша әлеуметтік пакетіміз бар, оның ішінде тегін медициналық тексеру, шипажай-курортта ем алу және балалардың оқу ақысын төлеу қамтылған. Рухани азықпен сусындауға мүмкіндік берген компаниямызға алғысым шексіз, – дейді Р.Ғұмаров.

– Ел экономикасында ерекше орны бар «Ембімұнайгаз» компаниясының негізгі қызметімен қатар рухани-мәдени даму мәселелеріне де көп көңіл бөліп отыратыны бізді қуантады. Ғасырлық мерейтойын тойлап жатқан кәсіпорын ұжымына өркендеп, қарыштап дами беріңіздер дегім келеді, – деп тілегін жеткізді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов.

«Ембімұнайгаз» АҚ атынан Қазақстанның кино және театрының көрнекті қайраткері А.Әшімовке Алғыс хат табыс етіліп, шапан жабылды. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Е.Жуасбек пен Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ академиялық драма театрының директоры Б.Жәменовке де Алғыс хат табысталды.

Дереккөз: http://azh.kz