«БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ БАҚЫТТЫ АРАЛЫ»

30 маусым, 2022

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның  100 жылдық мерейтойына арналған қайырымдылық концерті осылай аталды

Қазақ мұнайының «қарашаңырағы», ел экономикасының алып діңгегі саналатын компанияның  өз алдына отау көтергеніне биыл жүз жыл толып отыр.    Ғасырлық тойына қызу дайындықты бастап кеткен отандық компания өзінің мерекелік бағдарламасының аясында  елдің әлеуетін көтеріп, халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуге бағытталған қайырымдылық шараларды ұйымдастыруды кезең—кезеңімен қолға алуда. Мүмкіндігі шектеулі атыраулық балалар арасында өткен   «Балалық шақтың бақытты аралы» деп аталған қайырымдылық концерті - осындай ізгілікті істердің бастамасы болды.

Концерттік бағдарламаның шымылдығы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Әнұранын жұртшылыққа таныстырумен ашылды.Талай ән мен жырға, дастандарға арқау болған мұнайшылардың мерейін көтеріп, мәртебесін асырған Әнұранның авторлары (сөзі мен сазын жазған): ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Әлия Дәулетбаева мен белгілі композитор, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Болат Қохаманов.  

Бұдан кейін әсем безендірілген сахна төріне тағдырдың қатал сынағына төзімділік танытып, қиындығына қарсы тұра білген өнерге бейімі бар өнерпаз балалар шақырылды. Олар өздері таңдаған әндерін мұнайшы аға-апаларымен бірге нақышына келтіре шырқап, мың бұрала биледі.   

Сахна төріне шыққан  алғашқы жұп –  жас өнерпаз Алтынай Темірханова мен «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының қызметкері Жасталап Жұмағалиев «Аққу арман» әнін орындады. Екінші болып көрерменнің назарына ұсынылған «Ана мен бала» әні – шын мәнінде баласы мен анасының арасындағы мәңгі өшпейтін,   ешқашан бір-біріне деген сезімі суымайтын нағыз махаббат пен сүйіспешілікке құрылған туынды ретінде қабылданды. Оны орындаған   балғын өнерпаз Нұрайым Мәмбетәлиева мен Орталық басқару аппаратының қызметкері Гүлмира Майлыбаева әнді нақышына келтіре орындауларымен қошаметке бөленді. Музыкалық туындыға көбірек арқау болатын тақырыптың бірі – туған жер болып табылатыны белгілі. Келесі өнер жұбын құраған Дәния Дендербай мен «Ембімұнайэнерго» басқармасының қызметкері Жолдас Ділмұхамбетов екеуінің қосыла шырқаған әні де «Туған жер» деп аталды.Қайырымдылық концертіне қатысушы өнерпаздардың арасындағы ең кішкентайы – жеті жасар Нұрислам Әмірханұлы мен «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында еңбек ететін Ира Ғилмановамен бірлесе әуелеткен «Әке мен ана» әнінін зал көрермендері қошаметпен қабылдады. Өз кезегінде өзбек халқының биі «Үш пәтірді» болашағынан үлкен үміт күттірер жас өрен Жасмин Шәкірова мен өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау басқармасының маманы Лаура Максудова асқан шеберлікпен орындап шықты.Өнерлі балдырған Рита Раушан мен «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан келген Гаухар Нәсиполлақызы «Көңілді кеш» әнін нақышына келтіре орындаумен ерекшеленді.

Ғасырдан астам ғұмыры бар қазақ мұнайының тарихында қойнауы құтқа толы қасиетті кең Жылыой өңірінің алар орны бөлек. Сол себепті осы өңір жайлы жазылған ән мен жыр да аз емес. Кішкентайынан есті әндерді құлағына құйып, көкірегіне түйіп өскен  жеткіншек Әбдірәлі Нұрбергенұлы мен «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында киелі өнердің  туын биікке көтеріп жүрген Зәмзия Мирманова орындаған «Жылыойым-жырдың мекені» атты әні де сөзімізді айғақтай түскендей. Концерттік бағдарламада өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметі мен құрметіне бөленген соңғы жұп та осылар болды.

Айта кету керек, ел байлығын еселеп жүрген ембілік мұнайшылар  тек өндіріс майданында ғана емес, әлеуметтік салада  да азаматтық танытып келеді.   Бұл ретте «Ембімұнайгаз» компаниясының дер кезінде созылған көмек қолы бірнеше бүлдіршінді ауыр дерттен арашалап қалды.   

«Ембімұнайгаз» компаниясы қамқорлық көрсетіп, қанатының астына алған, мұнайшылардың аялы алақанының жылуын көрген балалардың қатарында атыраулық Жанель Жұмағалиева да бар еді. Осыдан сегіз жыл бұрын 2014 бауыр дертіне шалдығып, үлкен сынаққа ұшыраса да. ересек адамдар көтере алмас ауыртпалықты батырларша белі қайыспай көтерген Жанельдің сырқатынан сауығып кетуі үшін компания тағы да көмек қолын созды. Мұнайшы аға-апаларының мейірім шуағына бөленіп, жүректердің жылуын сезінген бұл бүлдіршін де концертке қонақ болып қатысты. Жүрекжарды жылы лебізін де ала келді.

Шараға ата-аналарымен бірге қатысқан ерекше балаларға «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары   Рысты Тасмағамбетова ұжым атынан шараға қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, өнерпаздарға компания  сыйлығын табыстады. 

–Біз бүгін жан толқытар ерекше кештің куәсі болдық. Жарық дүниеге келген әр сәби бақыты болуға тиіс. Тағдырдың сынағы мен қиын жағдайлар қажытпаған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары -  бүгінгі бейбіт күннің нағыз батырлары. Ашық аспан, азат еліміздің тірегіне айналар жас ұрпақтың болашағы өз қолымызда десек, әрбіріміздің киелі міндетіміз – балдырғандарға бақытты бақытты балалық шақ сыйлау. Компаниямыздың ғасырлық тойына арналған қайырымдылық кешке қатысып,   ерекше балалардың көңіліне шуақ сыйлаған барша әріптестеріме басшылық атынан зор алғысымды білдіремін, - деп түйіндеді сөзін Рысты Нұрғалиқызы.  

Сазды кеш Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншісі Әсет Әлиевтің орындауындағы «Қолыңды соз арманға» әнімен аяқталды. 

                                                                                                        «Атырау» газеті