«Мұнайлы өңірге мың тағзым»

19 тамыз, 2022

 «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 100 жылдығына орай «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ардагерлері мен қызметкерлеріне арналған «Мұнайлы өңірге мың тағзым» атты мерекелік шара өтті. Облыс орталығындағы кең де келісті «Алтын шатыр» мейрамханасы бұл күні ерекше әсемделіп, қонақтарды домбырашылар оркестрі қарсылады.

Әп дегеннен үлкен сахнадан «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының тарихына арналған бейнеролик пен театрландырылған қойылым көрсетілді. Расымен де, Тәуелсіз Қазақстанның басты ырысы мен құты, әрине, оның телегей теңіздей өндіріліп жатқан қара алтыны. Халықтың маңдайына біткен осынау байлық – ырыздық-несібені өндіруде мұнайшылардың еңбегі ұшан-теңіз. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік құрылымдық бөлімшесі – «Доссормұнайгаз» МГӨБ 1911 жылы құрылды. Басқарма Атырау облысы Мақат ауданының аумағында орналасқан. Бүгінгі таңда басқарманың 7 кен алаңында игеру жұмыстары жүріп жатыр. Басқарма мұнай мен газды өндіру және өңдеумен айналысады.

Биыл – қазақ мұнайының қара шаңырағы, еліміздің ең ірі өндіріс орындарының бірегейі – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына 100 жыл. Атап өтерлігі, алпауыт компания өзінің ғасыр тойын қанат астындағы алты бірдей ірі басқармаға өнер мерекесін сыйлауымен ерекшеленеді. Бұл күні қара алтын бұрқағы алғаш атқылаған киелі Доссорға, ең көне тарих иесі «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқарамасының ардагерлері мен қызметкерлері үлкен құрметке бөленді. Қарт Ембінің керегесін керіп, уығын шаншыған тарихи датаға биыл ғасыр толса, доссорлықтардың еңбек шежіресі күллі республикаға кеңінен мәлім. Басынан бірнеше қоғамдық формацияны өткізген, сұм соғыс өртіне төтеп берген қаһарман ерлер – мұнайшылар туралы қанша жырласаң да аздық етерліктей. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Есен Қайыржан:

 – Біздің мұнайшылар айтулы датаға айтулы тартумен келіп отыр. Жайлы тұрмыс үшін жақсы жұмыс жасау керек. Түптеп келгенде, осының бәрі еліміздің тыныштығы мен ынтымағы, ауызбірлігі мен болашағы жолында атқарылып жатқан игі істер. Баршаңыздың деніңізге саулық, бастарыңызға амандық, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін! - дей келе еңбекте алғы лекте келе жатқан біраз мұнайшыны бағалы сыйлықтармен, Алғыс хаттармен, төсбелгімен, медальмен, ал, ең үлкен сыйлық – 5 млн. теңгемен №2 Қарсақ мұнай және газ өндіру цехының мұнай және газ өндіру операторы – Серік Есмағамбетовты марапаттады. Ол 1982 жылы аталған кен орнына оператор болып орналасып, әлі күнге сол кен орнында еселі еңбек етуде. Мұнан әрі аталған ұжымды әр жылдары басқарған басшылар ортаға шақырылып, олар да бағалы сыйлықтарға ие болды. Бұған қоса, басқарма ардагелеріне «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл» мерекелік медалі табысталды.   

Мерекелік шарада Мақат ауданы әкімінің орынбасары Азамат Шанғалаев құттықтау сөз сөйлесе, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының төрағасы Серік Әбдиев пен аталған басқарманың кәсіподақ комитетінің төрағасы Самат Мұханбетов ауызбірлікпен атқарылып жатқан ұжымдық жұмыстың берері мол екеніне тоқталды. Айтқандай, мұнайшылар тек өндірісте ғана емес, өнерде де алда. Мұнайшылар дастарханында доссорлықтар мақтанышы, басқарма қызметкері, әнші Әскер Нұрманов «Еділ мен Жайық» әнін тамылжыта орындаса, белгілі мұнайшы-әнші Жанат Өтепова «Доссор вальсін» шырқап, көп қошеметіне бөленді.

«Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының қызметкерлеріне арналған «Мұнайлы өңірге мың тағзым» атты думанды кеш өз мәресіне жетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлады.

Лиза СЕЙТІМОВА

Дереккөз «Мақат тынысы» газеті