«Мұнайлы өңірге мың тағзым»

27 тамыз, 2022

Биыл отандық мұнай өндіруші компания «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл. Мерейтойға арналған салтанатты шаралар жыл басынан бастау алып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Ембі өндірісінде табысты еңбектерімен ел қазынасын еселей түскен қарапайым мұнайшыларды назардан тыс қалдырмау мақсатында компания басшылығы барлық басқарма ұжымдарында салтанатты шараларды ұйымдастыруды қолға алып, еңбек адамдарын жоғары марапаттармен ұлығылады.

«Мұнайлы өңірге мың тағзым» атты мерекелік шаралар Мақат, Жылыой, Исатай, Қызылқоға аудандарындағы іргелі ұжымдарда өтіп, Атырау қаласындағы   «Ембімұнайэнерго» және «Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау» басқармаларында қорытындыланды.  Аталмыш мерекелік шарада басқармалардың ардагерлері мен ұжым мүшелері бас қосып, бір-бірлерін қос мерекемен құттықтады.  

«Кешегі тарихсыз бүгін жоқ» дегендей, алдымен қос басқарманың кешегі еңбек күндерінен сыр шертетін, сонымен қатар, өркениет көшімен бірге алға қадам басқан басқармалардың тыныс-тіршілігі бейнеленген деректі фильм шараның шымылдығын түрді. «Ембімұнайгаз» АҚ-дың өндіріс алаңдарындағы үздіксіз жұмысты қамтамасыз етіп, электр жүйесімен, мұнай өндірісіне қажетті жабдықтармен дер кезінде қамтып отырған қос бірдей басқарма ұжымы бұл мерейтойға жақсы дайындықпен келіп отыр.

Жұртшылық алдына құттықтау лебізімен шыққан «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Есен Қайыржан Ембі өндірісіндегі тұрақтылыққа әрбір адамның үлесі барын жоғары бағалап өтті.

– Бүгінгі таңда 5 мыңға тарта адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған  «Ембімұнайгаз» АҚ-ның құрамындағы «Жайықмұнайгаз», «Доссормұнайгаз», «Қайнармұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Ембімұнайэнерго» және «Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау» басқармаларының тарихындағы кешегі ардагерлер салған сара жолдар бүгінгі таңда сәтімен жалғасып келеді. Маң далада мұнайшылық кәсіпті дамытқан ардагерлеріміздің  қазығын қаққан кеніштер күні бүгінге дейін игерілуде. Ортақ қазынамызды еселеп отыр. Сол үшін де ардагер мұнайшыларға тағзым етеміз, - деді компания Басқарма төрағасы Е.Қайыржан өз сөзінде. 

Компания басшылығы ардагерлер мен қызметкерлерді Энергетика министрлігінің, «Казэнерджи» қауымдастығының, «Самұрық-Қазына» ӘАҚ-ның, «Ембімұанйгаз»АҚ-ның Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен, төсбелгілермен марапаттады. Сондай-ақ, қос басқарма ардагерлеріне «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл» мерекелік медалі табысталды. Ал, шараның ең үлкен сыйлығы – 5 млн. теңгелік сертификатқа ұзақ жылғы адал еңбегі үшін «ӨТҚжЖК» басқармасының жүргізушісі Сұлтанғали Тағбергенов пен «Ембімұнайэнерго» басқармасының электромонтері Ақболат Ибрагимов иеленді.

«Ықылас-ниет көңілден кетпес» демекші, әрқайсысы 5 миллион теңгеден сыйақы алған Сұлтанғали мен Ақболат ұжым басшыларына, әріптестеріне өздерінің шексіз алғыстарын білдіріп, бұл қаражаттың отбасы қоржынына айтарлықтай көмек болатынын қуана айтты.   

Қос басқарма қызметкерлері мен ардагерлеріне арналған «Мұнайлы өңірге мың тағзым» атты думанды кеште Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілері тамаша өнер көрсетіп, мереке иелерінің көңілін көтерсе, құлсарылық ардагер мұнайшы Нұрбай Бөлекбайұлы да өзі орындаған «Әселім-әнімен» көп қошеметіне бөленді. 

Лиза СЕЙТІМОВА

«Атырау» газеті