Мұнайшы бейнесі – билбордта

05 қыркүйек, 2022

Мұнайшы болу  - әсте оңай емес. Шыдам мен төзімді талап ететін бұл мамандықты игеріп кету кез-келгеннің қолынан келе бермейді десек те болады. Жуырда «Ембімұнайгаз» компаниясының құрылғанына 100 жыл толуына байланысты жыл басынан бері көптеген шара өтті.

Осыған байланысты жақында Атырау қаласы, И.Тайманов көшесі бойында мұнайшы Ақтөреш Бисенбаевқа арнап билборд орнатылды. Туған еліне маңдай терін төккен, ардақты жанның есімі мұнайлы өлкемізде еңбегінің елеулі екенін айтып-ақ тұр.

Ақтөреш Бисенбаев 1906 жылы Жылыойдың Ракөш поселкесінде дүниеге келген. Алғашқы стахановшылардың бірі болған ол –  мұнай өндіру саласына 14 жасында келген. Еңбек жолын мұнай экспедициясында үйренуші-жұмысшы болып бастаған. Соғыс кезінде жаңа мұнай көздерін ашып, бұрғылау шебері атанды. Бұрғылау жұмыстарын Доссор, Ескене мұнай алаңдарынан бастаған. 10-ға жуық жаңа мұнай бұрқағын атқызып, іске қосты. Сондай-ақ, Ақтөреш Бисенбаев Тереңөзек мұнай алаңында алғаш болып мұнай тапқан. Ескене, Тақырбұлақ, Қарашүңгіл, Жантай, Тереңөзек, Южный Қамыскөл мұнай алаңдарында еңбегі сінді.

Соғысқа дейін, соғыс мезгілінде, одан кейін де еселі еңбегі үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» ордендерімен марапатталған.  

Мұнай мен газ – Қазақстандағы шикізаттың негізгі түрі, ал оны өндіру – Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызды сала. Қазақтың кең-байтақ даласында еркін өскен бабаларымыздың заманында аспанға  атқылап, әлемді тамсандырған қазақ мұнайына көптеген жылдар өтті. Осы жылдар ішінде жұмысына адал қызмет етіп, мұнай саласына елеулі еңбек сіңірген жоғарыдағы атап өткен мұнайшы Ақтөреш Бисенбаев секілді аға-әпкелеріміздің аты ұрпақтары мен елінің есінде мәңгі сақталмақ!

 

А.МОЛДАШЕВ

Дереккөз: https://ken-zhyloi.kz/zhanalyqtar/ozekti/m-najshy-bejnesi-bilbordta.html