Мұнайлы Ембінің 100 жылдығына орай

10 тамыз, 2021

Доссор – қазақ мұнайының қайнар көзі

Осыдан 110 жыл бұрын – 1911 жылдың 29 сәуірінде Доссордағы №3 ұңғыда қуатты мұнай бұрқағы атқылады

1911 жылы ғана Ембіде терең бұрғылау жұмыстары басталды. Оның сәтті аяқталғаны  Доссорда жүргізілген бұрғылау жұмысы еді.

Бұл тарихи оқиға болды. Себебі, бір тәуліктен астам уақытта, дәлірек айтқанда, 30 сағатта Ембідегі ең бірінші ағылшын акционерлік қоғамы «Жайық-Каспий» мұнай қоғамы 226 метр тереңдікте қазған Доссордағы дәл осы №3 ұңғымадан 16 мың пұт «қара алтын» өндірілген. Сол кездің өлшемімен есептегенде, бұл аз өнім емес еді.

Доссор кенішінің мұнайын өнеркәсіптік игеру де, алғашқы жұмысшы табының қалыптасу кезеңі де дәл сол кезден, яғни, 1911 жылдан бастау алды. Екі жылдан соң Доссорда 2100 жұмысшы тұрақты кәсіпке орналасып, Ембі мұнайшыларының қатары 6000-ға жеткен. Ал, Доссор атауын иеленген елді мекенде мұнайшылар қалашығының іргесі қаланып, он тұрғын үй, сегіз казарма, үш барак, екі асхана мен аурухана, сондай-ақ, монша мен электр стансасы секілді күнделікті тұрмыс пен ырғақты жұмысқа қажетті нысандар бой көтереді.

Есімі елімізге кеңінен танымал геолог-барлаушы Мақаш Балғымбаев «Мұнайлы Ембі» атты кітабында бұл маңызды оқиғаны былайша сипаттайды: «Міне, күтпеген жағдай орын алды: бұрқақтан ұшып кеткен тастың тарталды барабан шкифіне соғылуынан туындаған ұшқыннан өрт шықты. Ол ұңғының құммен тығындалуының нәтижесінде ғана бірнеше күннен кейін тоқтады. Бұрқақ қатты болды».

Доссордағы фонтан осы өңірдің бағалы қазынасын ашты. Қазақ жерінде атқылаған қуатты ауқымды бұрқақ Ембі ауданының келешегінен үлкен үміт күттіріп, оның атағын бүкіл әлемге жайды. Ал, «Жайық-Каспий» мұнай қоғамы Ембідегi кен орындарының байлығын кеңінен жарнамалады. Сөйтіп, бұл мұнай бұрқағы Ембі мұнай өнеркәсібінің, бүкіл Қазақстан мұнайының бастауы болды. Әрине, бұдан кейінгі жылдары барлау жұмыстары аймақтың өзге аудандарында да жүргізілді, бірақ, негізгілері дәл осы жерлерде шоғырланды. Себебі, мұндағы мұнай жер бетіне жақын орналасты.

Доссор мұнай кен орны ашылғаннан кейін Ембі мұнайын барлаушыларға сәттілік серік болды. Доссор 1913 жылы 117,6 мың тонна мұнай берді. 1915 жылы «Нобель» компаниясы тапқан Мақат кен орнында бірінші мұнай алынды. 1914-1915 жылдары аталған екі кен орнында мұнай өндіру алғаш рет 200 мың тоннадан асып түсті. 

Жоғарыда аталып өткендей, Доссор мұнайы химиялық құрамы мен сапалылығы жағынан күкірт пен парафин мөлшерінің аздығымен ерекшеленді.  Демек, Доссор құрылымының мұнайы жеңіл, әрі сапалық құрамы жоғары болуымен де сала мамандарының назарын аудара түсті. Оған дәлел ретінде Доссор «қара алтынына» деген қызығушылықтың, әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында да, одан кейінгі кезеңде де арта түскенін айтуға болады.

Жан алысып, жан беріскен Ұлы Отан соғысы жылдарында доссорлық мұнайшылар 12 сағаттық жұмыс кестесімен толассыз мұнай өндірді. Сөйтіп, тылдағы еңбектің көрігін қыздыра жүріп, майдан даласындағы танктердің іркіліссіз жауға қарсы шабуылдауы үшін жанармайлық мұнайды майданға үздіксіз жөнелтіп отырған.

P.S. Ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Мұнайшылар, мұнай бер, Соны сенен сұрайды ел» деп басталатын өлең жолдары ұдайы мұнайшылар санасында жаңғырып тұрады. Бір ғасырдан астам уақыт  өтсе де, Доссор өңірінің әлі күнге дейін мұнай беріп келеді.

Жоғарыда аталған, №3 ұңғыма 12 жыл бойы мұнай берген. Қазақстанда тұңғыш рет өндірістік негізде мұнай алынған жерге – Доссордағы №3 ұңғымаға  ескерткіш белгі қойылып, қазақ мұнайының бастауынан сыр шертетін тарихи орынға айналды. 

 

(Деректер мұрағаттан, «Қайнарбұлақ» кітабынан алынды)