Жаңа жобалардың тұсаукесері өтті

15 желтоқсан, 2022

Жуырда Құрманғазы мәдениет сарайында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының 100 жылдығына арналған «Ембі – ел ырысы» көркем-деректі фильмінің, оқу-анимациялық бағдарламаның және тарихи порталдың тұсаукесер рәсімі өтті.

10 сериядан тұратын көркем-деректі фильмде Компанияның ғасырлық тарихын республикалық және атыраулық жергілікті актерлар да сомдады. Қысқаметражды формат болғандықтан, әр серияның уақыты 5 минут.

Мектеп оқушыларына факультативтік сабақ үшін дайындалған оқу-анимациялық бағдарлама да 10 сериядан тұрады. Аталған бағдарлама Атырау қалалық білім бөлімімен келісіліп, дайындалды.

Ал, тарихи порталда Ембнің 100 жылдық тарихы, құнды деректері көрініс тапқан. Ең басты мүмкіндік – порталдың үнемі жаңа деректермен толығып отыратындығында.

Тұсаукесер шарасы барысында «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова аталмыш жобалардың қолға алыну мақсаты жайында кеңінен түсіндіріп өтті.

– Бұл жобалар – компания тарихындағы басты жаңалықтар. Бұрын компанияның тыныс-тіршілігі туралы фильмдер дайындалған, олар деректі фильмдер болатын. Заман талабына сай бұл форматтар алғаш рет қолға алынып отыр. Әр жобаны, тарихтың бұрмаланбауын арнайы құрылған комиссия жіті қарады, - деп атап өтті Р.ТАСМАҒАМБЕТОВА.

Кеш барысында әр жоба бойынша жұмыс жасаған мердігер мекемелердің де өкілдері қызмет барысы қалай жүзеге асқандығы туралы тәжірибелерімен бөлісті.

Шара соңында Компания ардагерлері Максим Ізбасов, Айболат Габдуллин, Салтанат Қалиевалар сөз алып, әсерлерімен бөлісті.

Оқу-анимациялық бағдарламаны әзірлеуде сарапшы ретінде көмек қолын созған Атырау қалалық білім бөлімінің мамандары Асыланбек  Теміржанұлы мен  Маргарита Бақытқызына «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Есен Қайыржан алғыс білдірді.

 

 

 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09

Индира САТЫЛҒАНОВА І.Satylganova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-34-66

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2021 жыл аралығында аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 900 млн теңгеге жуық   қаражат аударды.