«Ембімұнайгаз» АҚ Уаз кен алаңындағы («Қайнармұнайгаз» МГӨБ) №103 ұңғымада болған жағдайға қатысты хабарлайды:

05 желтоқсан, 2023

«Ембімұнайгаз» АҚ 2023 жылдың  16 қарашасы күні шамамен, жергілікті уақыт бойынша 23:10   сағатта Уаз кен алаңындағы №103 ұңғымада мердігер мекеме - «Мұнай Сервис ЛТД» ЖШС-нің 440 метр  тереңдікте ұңғыманы жоспарлы бұрғылау жұмысын жүргізіп,  бұрғылау кезінде  440 м-62 м. аралықта бұрғылау ұңғымасын көтеру жұмыстары жүргізілді. Бұрғылау құралын жоғары көтеру кезінде су аралас бұрғылау ерітіндісі жер бетіне шығып, соңы  бұрқаққа ұласа бастады. 

Бұрғылау бригадасының мүшелері оқиғаны дереу жою шарасын жүргізіп, 04.00 сағатта оқиға толығымен жойылды. Мердігер мекеме ластанған аумақта тазарту жұмыстарын жүргізді. 

Бүгінгі таңда  ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің комиссиясы құрамында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның жауапты мамандары  және  мердігер мекеменің    тиісті мамандарымен бірге орын алған оқиғаны жан-жақты тексеріп, себебін анықтау жұмыстары жүргізіп жатыр.  

Айта кету керек, «Ембімұнайгаз» АҚ тарапынан орын алған бұл жағдай инцидент (апатты жағдай емес) деп бағалануда. Өйткені, ҚР «Азаматтық қорғау туралы»  Заңының  1-бабының 1-тармақшасына сәйкес апатты жағдай ғимараттардың, құрылыс нысандарының, техникалық құралдардың қирауы болып табылады. Уаз кен алаңындағы №103 ұңғыма    тұрақты жұмыс істеп тұр. 

Жоғарыда аталған комиссия тексеру жұмыстарын толық аяқтаған соң  қорытындысы қосымша хабарланады.

БАҚ-пен байланыс үшін:

Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66
Гүлжан ӘМІРОВА: G.Amirova@emg.kmgep.kz , +7 (7122) 99-32-09

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.