"Ембімұнайгаз" АҚ үшін ерен еңбек иесінің бейнесі жоғары

27 тамыз, 2022

Бұл күндер отандық мұнай компаниясы үшін қос мейраммен қатар келуде.  ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлерінің төл мейрамы кәсіпорынның 100 жылдық мерейтойымен ұштасып отыр.

Мұнайлы астанаға ат басын тіреген қонақтары мен қала тұрғындарының назарына соңғы айларда іліккен жақсы жаңалық -  Атыраудың көшелеріндегі әдемі дизайнымен көз тартқан баннерлер. Бұл - "Ембімұнайгаз" АҚ-ның 100 жылдық мерейтойына арналған "Әр сурет - жеке тарих" атты жобасы. Қазақ мұнайының қарашаңырағы - Ембі өңіріндегі кешегі мен бүгінгі күндерді жалғап жатқан табысты еңбектің батырлары: Социалистік Еңбек Ерлері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, кен орындарының алғашқы ашушылары,   сонымен қатар, бүгіндері табысты еңбектерімен ерекшеленген жас мамандар туралы қысқаша деректер бейнеленген.  Қала көшелерінде 100-ден астам баннер орнатылды.

Жобаны жүзеге асыру арқылы  компания ембілік мұнайшылардың ғасырға толы жүріп өткен тағылымы мол жолдарын қарапайым еңбек адамының бейнесі арқылы көрсетуді мақсат етті. 

Ембі өндірісіндегі кешегі мен бүгінгі күндері орын алған ерен еңбек, сол арқылы ел экономикасының күретамыры - мұнай-газ саласының дамуына сүбелі үлестерін қоса білген мұнайшылардың табысты күндері - компания үшін мақтаныш.

Атырау қаласының көшелерінде орналасқан "Әр сурет - жеке тарих" баннерлеріне кез келген адам тоқтап, мұқият назар аудара қарайтыны сөзсіз. Өйткені, Атырау - мұнай астанасы, мұнайшылық кәсіп бастау алған киелі мекен. Бұл жобада атыраулықтардың атасының, әжесінің, ата-анасының немесе әріптесінің бейнесі тұр. 

Сурет - кешегі күндердің ескірмейтін естелігі, бүгінгі күнге құрмет. Ел игілігі жолындағы еңбек ешқашан ұмытылмақ емес.

Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/embmunaygaz-ak-ushn-eren-enbek-iesnn-beynes-jogaryi-342207/