Еңбегімен еленген

31 наурыз, 2023

Атырау аймағының мұнайлы өлке атануы жолында тер төккен жандардың есімі қашан да жадыларда жатталып тұрады. Аймақтың бүгінгідей сәулеті мен дәулеті келісті болуы үшін аянбай еңбек еткен мұнай саласы мамандары салған соны іздің тіні үзілмей жалғасып келеді.

Ел экономикасын арттырып, аймақтың алға басуы жолында тер төккендер қатарында геологтар қосқан үлес зор. Ембі өндірісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған жер қойнауын зерттеушілер арасында айрықша аталатын жанның бірі – атыраулық майталман мұнайшы, геолог Рамазан Сарғұнанов. Өңірге аты мәлім, бар саналы ғұмырын мұнай-газ өндіру, геология саласына арнаған абзал азаматтың қолтаңбасы қалған кен орындары бүгінде ел ырысын еселеуде.

Елімізде жыл сайын сәуірдің алғашқы жексенбісінде атап өтілетін геологтар күніне орай, арнайы мақала жазуды мақсат тұттық.

Рамазан Оразұлы 1947 жылы Атырау облысының Ескене кентінде дүниеге келген. Қазақ мұнайының қара шаңырағы саналатын өлкеде туған өреннің бұл бағытқа бет бұруы таңсық та болмас, мектепті үздік бітірген соң, 1965 жылы И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтының «Геология, мұнай және газ кен орындарын барлау» факультетіне оқуға түседі. Ал, 1970 жылы институтты бітіріп, тау-кен инженері, мұнайшы-геолог маманы ретінде еңбек жолын туған өлкесінен бастайды.

1970 жылы Доссор мұнай-газ өндіру басқармасында ұңғыларды зерттеу тобының оператор мамандығынан бастап, өндіріс шебері, геолог, аға геолог болып еңбек етеді. Кейін білімін шыңдап, жұмысқа төселген жас маман 1976 жылы «Прорвамұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасының («Жылыоймұнайгаз») бас геологы болып тағайындалады.

1986-1993 жылдары Рамазан Оразұлы «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігінде технология бөлімінің, 1993-1996 жылдарда геология бөлімінің бастығы, бас геолог қызметтерін атқарады. Ал, 1986 жылы Рамазан Оразұлымен қанаттас қызмет атқарған өзге де сала мамандарының бірлескен ұсынысымен Орталық-Шығыс Прорва кенішінің батыс алаңында терең орналасқан орта-юра және пермотриас қабаттарының барлау жұмыстары басталып, бұрғылау жұмыстары сәтті аяқталған кезде жаңа горизонттар табылған. Нәтижесінде Прорваның мұнай-газ қоры еселеп өсті. Сол жетістік үшін еліміз егемендік алған соң Рамазан Оразұлы 1999 жылы 31 наурызда «Қазақстан Республикасының кен орындарын алғаш ашушы» төсбелгісімен марапатталды.

Білімі мен мол тәжірибесін тең ұштастырған Р.Сарғұнанов 1996 жылы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына вице-президент, бас геолог болып тағайындалады. Ал, 1997-1999 жылдар аралығында Рамазан Оразұлының ұсынысымен Қызылқоға ауданында «Тайсойған» блогында барлау жұмыстары басталып, нәтижесінде Уаз және Қондыбай мұнай кен орындары ашылды. Бұл үлкен жетістік үшін Рамазан Оразұлы 2014 жылы 28 наурызда екінші мәрте «Қазақстан Республикасының кен орындарын алғаш ашушы» төсбелгісімен марапатталады.

Еселі еңбегінің лайықты өтеуі ретінде еліміздің мұнай-газ секторындағы табысты еңбегі үшін 2007 жылы Рамазан Оразұлы «Қазақстан Республикасының жер қойнауының құрметті барлаушысы» төсбелгісіне ие болады. Бар саналы ғұмырын геология саласына сарп еткен майталман маман 2010 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-нан зейнеткерлік демалысқа шықан кезде де компаниямен тығыз байланысын үзбей, мол тәжірибесін жас буынмен бөлісуден жалықпады. Бұл игі үрдіс Рамазан Оразұлы 2020 жылдың қазанында өмірден өткен уақытқа дейін жалғасты.

Мамандық иесінің қызмет барысындағы қырын, жұмыс кезіндегі болмысын аша түсу үшін қанаттас қызмет атқарғандардан артық пікір айтатын адам болмасы хақ. Біз де сол шақта Рамазан Сарғұнановпен бірге қоян-қолтық қызмет атқарған сала ардагері Айман Кенжебаеваға осынау мақсатпен жолықтық.

1974 жылы Грозныйдағы салалық оқу орнын тәмамдап, арнайы жолдамамен «Жайықмұнайгазға» келген жас маман Айман Сатқанбайқызы жылдарға жалғасқан табысты еңбегінің бұл күнде зейнетін көруде. «Мені 1978 жылы бірлестіктің геология бөліміне шақырды. Ол шақ – барлау мақсатындағы бұрғылау жұмыстары қарқынды жүріп жатқан кез. Жаңа орынға келгенімде Рамазан Оразұлы сынды білікті маманмен етене жұмыс жасау бақыты бұйырды. Доссор – аядай ғана, шағын ауыл. Бұрыннан да ол кісінің есіміне қанықпыз. Менен 5-6 жас үлкендігі бар, салаға да ертерек келген. Жұмыс барысында бірлесе қызмет атқарып, оның болмысын тереңірек тани түстім» дейді Айман Сатқанбайқызы бізбен әңгімесінде.

«Рамазан Оразұлы өте тиянақты, жауапкершілігі жоғары жан еді. Шындықты жақсы көреді. Көп сөзге жоқ. Жұмысқа асқан мұқияттылықпен, сақтықпен қарайтын. Заңдарды айналып өту, бұрмалау дегеннен ада болды. Жұмысты жасаған кезде ешқашан асығыстыққа бармайтыны жадымда жатталып қалыпты. «Ойланып алайық. Асықпаңдар» деп, бізді де атқарылатын жұмысты толық талдауға жұмылдыратын. Екшеп, барлығын асықпай ойластырған соң ғана, шешім қабылдаушы еді.

Рамазан Оразұлы тоқсаныншы жылдардың соңында бас геолог болды. Кейін құрылымдық өзгерістер орын алған кезде геология және барлау секторының жетекшісі лауазымына келгенде қоян-қолтық қызмет атқардық. Сейсмобарлау жұмыстарына қаржы бөлініп, мән беріле бастаған кез болатын. Сол кезде Рамазан Оразұлы: «Мол қаражат бөлініп жатыр, нәтижесі қалай болады?» деген сауалға алаңдаушылық білдіріп, жұмыс сапасына қатты мән берді. Принципшіл, пікірін өзгертпейтіні де көпке үлгі болды» дейді сала ардагері Айман Кенжебаева. Осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер Күләш Жұмағалиева да Рамазан Сарғұнановтың тікелей араласуымен көптеген жұмыстар атқарылып, мұнай-газ саласындағы табысты жұмыстардың жүзеге асуында өзіндік қолтаңбасы қалған білікті маман екенін айрықша атады.

«Қазақстан Республикасының жер қойнауының құрметті барлаушысы» және «Қазақстан Республикасының кен орындарын алғаш ашушы» төсбелгілерінің иегері, геолог-барлаушы Рамазан Сарғұнановтың Ембі өңірімен байланыса өрбіген өмірінің елеулі сәттері көп-ақ. Соңына өшпес із қалдырған, қара алтын өндіру саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған майталман маман, білікті геолог Рамазан Оразұлының есімі мәңгілік жадымыздан өшпейді.

1 – сурет: «Ембімұнайгаз» және «Ембімұнайгеофизика» мамандарының Тайсойған блогына қатысты жиыны. Сол жақтан бірінші – «Ембімұнайгаз» АҚ вице-президенті, бас геолог Р.Сарғұнанов. 1998 жыл

2 – сурет: Бас геолог Р.Сарғұнанов Тайсойған блогының алғашқы кен алаңы «Уаз» кенішінде. 1999 жыл

Суреттер отбасылық мұрағаттан алынды

Дереккөз: Атырау газеті