Өндірісті өлкенің өз ұлы

02 наурыз, 2023

Майталман мұнайшы Махамбет Батырбаев – 80 жаста

«Қара алтын» өндірісінің қара шаңырағы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы ел ағаларының жүріп өткен жолын тағылым мен тәрбиенің, елге еңбек сіңірудің ерен үлгісі деп біледі. Осы орайда компания көрнекті геолог-мұнайшы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Атырау, Жаңаөзен қалалары мен Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарының Құрметті азаматы Махамбет Демешұлының сексеннің сеңгіріне шығуына байланысты кездесу ұйымдастырды.

Мерейгердің құрметіне арналған шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен еншілес мекемелердің басшылығы, еліміздің бас қаласы Астанадан және маңғаз Маңғыстаудан келген мұнайшының үзеңгілес жолдастары, ардагерлер мен өндіріс басшылары қатысты.

Шара Махамбет Демешұлының ғұмырнамасынан сыр шертетін деректі фильммен басталды. Содан кейін мінберге көтерілген «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының міндетін атқарушы Қанатбек Қасымғалиев ардагер ағаны барша ембілік мұнайшылар атынан мерейлі жасымен құттықтады.

– Сіз жалындаған жастық шағыңыздан бастап еңбекке араласып, биік белестерді бағындырдыңыз. Мен сізбен қызметтес болмасам да, аға буыннан сіз туралы тек жылы лебіз естіп өстім. Сізді қатарластарыңыз «Талапшыл және тез шешім қабылдай білетін басшы бола білді» деп бағалайды. Бүгінде сол еңбегіңіздің жемісін көріп, құрметке бөленудесіз. Ембі өндірісінде өнім өндіру көрсеткішін тұрақтандыруға қол жеткізіп, қарапайым еңбек адамының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қомақты үлес қосқан сіз бұл құрметке әбден лайық жансыз, - деген Қанатбек Махмұдұлы мерейгерге Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты. Зайыбының да иығына камзол жауып, ақ жаулық сыйлап, гүл шоғын ұсынды.

Бұдан кейін Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Максим Ізбасов мерейгердің мұнайшылар ортасындағы лайықты орнын атап өтті.

– Сонау 1992 жылы Махамбет Демешұлы «Теңізмұнай» өндірістік бірлестігіне басшылық жасады. 1993 жылы басшыға қосымша кен орындарын игеру туралы ұсыныс айттық. Осы кезде Махамбет Демешұлы өндіріс басында жүріп, Қисымбай кені іске қосылғаны есімде. Әрине, құрамында күкіртті сутегі бар мұнайды игеру оңай болмады. Махамбет Демешұлының бір ерекшелігі мұнайшылардың әлеуметтік жағдайына назар аударды. Жылыойда Қамыскөл емдеу-сауықтыру санаторийін ашты. «Аруақ риза болуы керек» деп Ақмешітке де көңіл бөлді, - деген Максим Шафихұлы мерейгердің ел үшін жасаған еңбегін еске түсірді.

Иә, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жас мемлекет үшін қиын сәт болды. Мұнай өндірісі құлдырап, мұнайшы мамандығының мәртебесі төмендеді. Сол уақытта Махамбет Батырбаев Өзен, Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас, Ембі кен орындарында қызмет етіп, өндірістің барлық қиындығына төтеп берді. Тіпті, мұнай кәсіпшіліктерінің жанынан шұжық цехы, кірпіш шығару зауыты, егін шаруашылықтары іске қосылып, оның табысы мұнайшыларға берілген.

Келесі лебізді мұнайшылар династиясының өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Махамбет Досмұхамбетов інілік ізетпен жалғады.

– Махамбет Демешұлының әр кен орнында өзіндік қолтаңбасы бар. Ағамыздың қарамағында жұмыс жасап, үлкен өндіріс мектебінен өттім. Ізіңізден ерген барша іні-қарындастарыңызға мақсатқа жету жолында қажырлықпен еңбектенуді үйреттіңіз. Сіздің осы уақытқа дейін атқарған ісіңізді бір жиында тізбектеп шығудың өзі мүмкін емес. Бірақ, Атырау өңірі өзіңіздей атпал азаматпен мақтанатындығын айтуға тиіспіз. 80 жасыңыз құтты болсын, қазыналы қартымыз болып аман отырғайсыз! - деп ақжарма лебізін білдірді.

Махамбет Батырбаевтың мұнай өндірудің техникасын жетілдіруге үлес қосқаны белгілі. Сондай-ақ, «Өзенмұнай» өндірістік басқармасын «Маңғыстаумұнай» бірлестігінен еншісін алып, өз алдына дербес мекеме болуына сүбелі үлес қосты. Бұл туралы естелігімен маңғыстаулық меймандарды бастап келген «Мұнай-газ кешені ардагерлері» РҚБ бас директоры Анатолы Тегісбаев бөлісті.

– Махамбет Демешұлы 1978 жылы «Маңғышлақмұнай» ӨБ-не қарасты «Өзенмұнай» МГӨБ бас геологы болды. Ал, 1981 жылы аталған мекеменің басқармасына басшы болып тағайындалды. Теория мен практиканы тең ұстаған іскер басшының арқасында өндіріске енгізілген техника мен технологиялық әдістер мұнай өнімдерінің күрт төмендеуін тоқтатып, бірқалыпты деңгейде ұстауға қол жеткізді. 1990 жылға дейін жылына 10 миллион тоннадан мұнай өндірілді. Бүгінгі күні «Өзенмұнай» өндірістік бірлестігіндегі жас толқын алдыңғы буын ағалардың еңбек дәстүрін лайықты жалғастырып жүргенін мақтанышпен айтамын, - деген А.Тегісбаев мерейгерге «Еңбек ардагері» медалін табыстады.

Тағылымды шарада мерейтой иесі Махамбет Демешұлы балалық шағы мен өмір жолындағы қалыптасу кезеңдеріндегі естеліктерімен бөлісті. Саналы ғұмырын өндіріс алаңында кен игеруге арнаған майталман мұнайшыға ізет көрсетіп, мерейжасымен құттықтаған «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ұжымына ризашылығын білдірді.

Мерейтой иесінің құрметіне жергілікті өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова тамаша әндерін тарту етті.

Дереккөз: «Атырау» газеті