Тұңғышбай – үздік жас маман

04 шілде, 2023

Мұнайшы Тұңғышбай  Аманқос былтыр «Еңбек жолы» республикалық байқауында жүзден жүйрік шығып, «Өндірістің үздік жас маманы» аталымына ие болды. Мұндай марапат алдымен жастарға үлгі болса, екіншіден, еңбек иелерін насихаттау.

Жас та болса алғыр маман байқаудың барлық талабын толық орындап, қызметі бойынша шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Еліміздің әр өңірінен үздік мамандар қатысқан байқауда Тұңғышбай Атыраудың намысын абыроймен қорғады.

– «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Жылыоймұнайгаз» басқармасында мұнайшы болғанымды мақтан тұтамын. Бұл ойымды менімен пікірлес жастар түсініп, қолдайтынына сенімдімін. Жылыой жерінде тұратын халықтың басым бөлігі мұнайшылар ғой, мен де құлсарылық мұнайшылар отбасында өмірге келіппін. Әкем Қайыржан да, атам да майталман мұнайшылар. Сондықтан, мектепті бітіргеннен кейін болашақ мамандықты таңдау қиын болған жоқ, - дейді үздік маман бізбен әңгімесінде.

Тұңғышбай 2014 жылы Атырау мұнай газ университетіне «Мұнай және газ саласы» мамандығы бойынша оқуға қабылданады. «Ембімұнайгаз» компаниясының өкілдері III курс студенттерінен оқу үлгерімі жақсы 20 студентті әңгімелесу арқылы іріктеп алады. Сол кезде Тұңғышбайдың да бағы жанып, дуальды оқыту бойынша оқуын жұмыспен ұштастырады.

– Оқуды аяқтағаннан кейін дипломды маман ретінде тест тапсырып, жұмысқа шақыру алдым. 2018 жылдың қыркүйегінен бастап «Жылыоймұнайгаз»-да жұмыс істеймін. Жұмысқа орналасқан соң бір жылдан кейін отау көтердім, - дейді Тұңғышбай.

Әрине, мұнай-газ өнеркәсібінде еңбек етіп жүргендердің жалақысы жоғары болғанмен, жазғы аптап ыстық пен қысқы қара суыққа төзу де оңай емес екен.

– Пандемия кезінде 56 күн бойы ауысымсыз жұмыс жасадық. Ол айтар ауызға жеңіл болғанмен, оңай болмады. Бір ауысымда жүргенмен қарым-қатынасымыз азайып, біраз қиындықтар туындады. Қазір оның барлығын әңгімелеп еске алып отырамыз. Жұмыста аға буын өкілдері кәсіби және өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жас мамандарды үйретуден жалықпайды. Ол біз үшін үлкен сабақ, өйткені, үйренетін нәрсеміз әлі де көп. Сондықтан, өз білімімді үнемі жетілдіріп отырамын, - дейді жас маман.

Адал еңбек пен қоғамдық жұмыста белсенділік таныту ол үшін жақсы нәтижесін беріпті. Тұңғышбай Аманқос «Жылыоймұнайгаз» басқармасының қызметкерлері арасындағы «Үздік маман-2022» байқауында I орынға ие болса, «ҚазМұнайГаз» АҚ ұйымдастырған сайыста II орынды жеңіп алған. Жас мұнайшы облыс әкімінің және «ҚазМұнайГаз» АҚ басшылығының Алғыс хатымен марапатталған. Бүгінде ол Жылыой ауданындағы Ақінген кен орнында мұнай өндіру ұңғымаларының үздіксіз, қауіпсіз, әрі ақаусыз жұмыс жасауын қадағалайды. Әр ұңғыманың өндірген өнімін есептеу де Тұңғышбайдың жауапкершілігінде екен.

Үздік жас маман болашақта еліне адал қызмет етіп, шетелге жергілікті өнімдерді экспорттайтын зауыт ашу арманы екенін де жасырмайды. Біз де жалынды жасқа сәттілік тілейміз!

Дереккөз: «Атырау» газеті