«Ембімұнайгаз» АҚ: басымдық – білікті қызметкерлерге!

21 мамыр, 2018

Кадр бәрін шешеді! – кеңінен таралған бұл ұран өзектілігін жоймай келеді. Өткен жылы 95 жылдығын атап өткен қазақстандық мұнай компаниясы «Ембімұнайгаз» АҚ-да қызметкерлер басты құндылық  саналады. Компания кадр саясатын қалай жүргізеді? Дуалды оқыту жүйесін енгізу қалай жүзеге асады? Сұхбатымызда осы және басқа да сауалдарға «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаментінің директоры Гүлбану Әбутәліпқызы ШАРАФЕТДИНОВА жауап береді. 

Гүлбану Әбутәліпқызы, «Ембімұнайгаз» - тарихы тереңде жатқан, жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлері мен ұрпақтар сабақтастығын берік ұстанатын компания. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, Сіздің қызмет кадр саясатын қалайша жүргізеді?

- Ембі үлкен жолдан өтті. Осы жылдар ішінде мұнай өндіру, геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу және мұнай өндірісінің өзге салаларында бай тәжірибе жинақтады. Ембі өндірісінің  тұрақты дамуының бір тетігі – мұнайшы әулеттерінің қалыптасуында. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ үш және одан да көп ұрпақтары мұнайшы мамандығын таңдаған жиырмадан астам мұнайшылар әулетінің өкілдері еңбек етуде. 

Олардың қатарында Жылқышиевтер, Құрманқұловтар, Төрехановтар, Салиевтер, Құлбалиевтер, Бекмұрзиевтер, Оңдашевтар, Бешімовтер, Көрпебаевтар, Уәлиевтер, Бисенбаевтар, Жақашевтар, Айдабековтер, Райымбергеновтер, Бажбеновтар, Қанатбаевтар, Жанаисовтар, Манғыстауовтар, Ержанғалиевтар, Балғымбаев пен Балжановтардың отбасылары бар.  Сонымен қатар, бұдан бөлек әке жолын ұрпағы жалғаған тағы 50 шақты отбасы бар. Мұнайшы әулеттерінің Ембі өндірісінің дамуына қосқан еңбектерінің арқасында ұрпақтар сабақтастығы қалыптасып, мол тәжірибе ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда, жастар арасында мұнайшы мамандығына  мақтаныш сезім тәрбиеленуде.

Бұған қоса, компанияның келешекте дамуы үшін акционерлер алдына қойылған стратегиялық міндеттер мен ауқымды жұмыстарды іске асыру қажеттігін ескере отырып, акционерлік қоғам білікті қызметкерлерге басымдық беріп отыр. Директорлар кеңесі бекіткен «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 2027 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы аясында қабылданған қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу саласындағы функционалдық стратегияда кадрлық қызметтің басты мақсаты Компанияны білікті, стратегиялық мақсаттарға жетуге ынтасы бар қызметкерлермен жеткілікті деңгейде қамту болып табылады. Бұл жұмысшыларды оқыту арқылы дамыту, басқарудың жаңаша тиімді әдістерін тауып, енгізу арқылы жүзеге аспақ. 

Компания қызметкерлерді жұмысқа алу барысында қандай қағиданы ұстанады? Қазіргі құрамның сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

- Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау барысындағы негізгі қағида – үміткерлерді іріктеу мен жұмысқа қабылдаудың  ашық жүргізілуі, бірнеше кандидатқа іріктеу өлшемдерінің болуы. Сонымен қатар, Компания бойынша ішкі үміткерлер үшін бірыңғай автоматтандырылған базасын құру жұмыстары жүруде.

Қазіргі таңда біз әр мамандыққа үміткерлерді іріктеу кезінде тәжірибе, білім, дағды, кәсіптік, жеке және іскерлік қасиеттерге қойылатын талаптардың нақты тізімін құрайтын бағыттарды қалыптастырудамыз. Жұмысшы кадрларды дамытуға келер болсақ, бұл бағыттағы жұмыс компанияның стратегиялық дамуының талаптары мен әлеуетін ескере отырып жүргізіледі.

Қызметкерлерді дамыту бағдарламаларының бірі орта буын басшыларының – цех басшыларының, шеберлер, механиктер, геологтар және т.б. ынталандыру болып табылады.

Бағдарлама аясында қызметкерлер үшін өндірістік процестерді жоспарлау және жетілдіру, басқару дағдыларын үйрету бойынша оқытуды қамтитын модульдік бағдарламалар жасалды. Бағдарлама аяқталған соң қатысушылар өндірістік процестерді жақсарту бағытындағы жобаларын ұсынды. 2014 жылдан бастап аталған бағдарлама бойынша 240-тан астам жұмысшы оқудан өтті.  

Кадрлық резервті дайындау бағдарламасы аясында компанияның 87 қызметкері іріктелді. Олардың барлығы қазіргі уақытта жеке даму жоспарлары бойынша дайындықтан өтуде және компания жүзеге асырып жатқан түрлі жобаларға қатысуда. Жастар саясаты шеңберінде кадрлық әлеуетті дамыту процесіне жас мамандар қатысады, сонымен қатар, олар өндірістік процестерді жетілдіру бойынша өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік алады. Жобалары үздік деп танылатын жұмысшыларға компания жетекші ресейлік және шетелдік оқу орындарында магистрлік бағдарламалар бойынша оқыту мүмкіндігін ұсынады. Қазіргі уақытта «Ембімұнайгаз» АҚ мамандары компания қаражаты есебінен И.М. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ мемлекеттік университетінің (Ұлттық зерттеу университеті) (РФ, Мәскеу қ.) магистратурасында білім алуда.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ және ЭНИ СпА-мен үлестес «Аджип Карачаганак Б.В.» компаниялары арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық жөніндегі Меморандум аясында басшылық лауазымдағы қызметкерлерге арналған «Көшбасшылық жолы» бағдарламасы бойынша компанияның жас басшылары оқудан өтті.

Тек 2017 жылы Компанияның 5 мыңға жуық жұмысшысы міндетті курстық оқудан, 974 қызметкер жұмыс мамандықтары бойынша даярлау және қайта даярлау курстарынан өтіп,  478 адам кәсіби біліктіліктерін арттырды. Олардың ішінде 72-сі –  «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-гі Прорва кен алаңдары тобындағы ілеспе газды дайындау қондырғысының күкіртті алу мен газды дайындау цехының жұмысшылары. Олардың барлығы Альметьевск қаласындағы «Татнефть» кадрларды даярлау орталығы базасында теориялық және тәжірибелік білімдерін жетілдірді.  Бұған қоса, аталған өндірістік базаның 7 қызметкері (ИТҚ) ҚХР LO-CAT технологиясымен тікелей тотықтыру арқылы күкіртті алу қондырғылары бар нысандарға іс-сапарға жіберілді.

Гүлбану Әбутәліпқызы, оқырмандарымызға өмірінің саналы ғұмырын мұнай саласы мен Компанияның өркендеуіне арнаған қызметкерлерді әлеуметтік қолдау бағдарламасы туралы айтып өтсеңіз...

- Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау бағдарламасы аясында 2014 жылдың сәуір айында Мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығу ережесі жасақталып, бекітілді. Соның негізінде, 55 жасқа жеткен мұнайшы әйелдер мен 60 жасқа толған мұнайшы ер адамдар жұмыстан босаған жағдайда ай сайын зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жәрдемақы алып, Компания зейнеткерлері тізіміне енеді.

Ауыр еңбекті қажет ететін жекелеген мамандықтар бойынша мұнайшыларды әлеуметтік қолдау аясында 2017 жылы қолданыстағы «Мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығу» ережесіне өзгертулер енгізіліп, 58 жастан ай сайынғы еңбекақысынан 48%-50% көлемінде 5 жылға дейін жәрдемақы алып отыруға мүмкіндік берілді.

2014-2017 жылдар аралығында аталған бағдарлама бойынша 162 қызметкер зейнеткерлік демалысқа шықты, ал, 2018 жылдың І тоқсанында – 29 қызметкер.

Бағдарлама саналы ғұмырын Ембінің өркендеуіне арнаған мұнайшыларды қолдауға бағытталған. Сондықтан, Бағдарлама мүмкіндіктерін пайдаланған жұмысшылардың 40 пайызы (75 адам) – қызметкерлерінің басым көпшілігінің еңбек өтілі 30-40 жылдан асатын «Доссормұнайгаз» МГӨБ қызметкерлері болып табылады.

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы өзінің өндірістік алаңдары базасында дуалды оқыту жүйесін енгізуде пионер болды. Бұл жоба қалай басталды?

- 2014 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауын іске асыру шеңберінде Үкімет білім берудің дуалдық жүйесі жол картасын бекітті.  Аталған жол картасына қатысушылар тізіміне «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ «Ембімұнайгаз» АҚ-да дуалды оқыту жүйесін енгізу пилотты жобасымен енді. Пилотты жоба компаниямызда 2015 жылы іске қосылды. Жобаның мақсаты – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ талаптарына сәйкес мұнай-газ саласына қазақстандық мамандарды даярлау.

Пилотты жобаны жүзеге асыру барысында қандай қиындықтар кезікті және студенттерді оқыту механизмі қалай жасақталды?  

- Әрине, жоба басталған алғашқы кезеңде белгілі бір проблемалық мәселелер туындады. Бірақ, оларды шешу үшін ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жалпы алғанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ проблемалық мәселелер (ҚР Энергетика министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ықпалымен) заңнамалық тұрғыда шешілді. «Ембімұнайгаз» АҚ-да Дуалды оқыту жүйесін енгізу жөніндегі тұжырымдама жасақталып, бекітілді. Өз тарапынан, «Ембімұнайгаз» АҚ компания, оқу орындары және студенттермен үшжақты келісімшарт жасақтап, білікті қызметкерлер арасынан жетекшілерді бекітіп, студенттерді дамыту жоспарын дайындады. Студенттерді тұрғылықты орынмен, тағаммен, тасымалдайтын көлікпен, арнайы киіммен және әр студентті ай сайын өтемақылық төлемдермен қамтамасыз етіп келеді. Оқу орындары дуалды оқыту жүйесі бойынша пилотты жобаға қатысатын студенттерді іріктеп, оқу процесін қайта қарастырып, жаңа оқу жоспарын бекітті (енді оқудың 60 пайызы қндірісте өтетін болады), студенттерді өндіріске кіргізу мүмкіндігіне ие болу үшін өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша оқудан өткізді.   

Жоба жүзеге аса бастаған 2015 жылы жобаға 39 студент қатысты. Олардың ішінде, 34-і – Атырау мұнай және газ университетінің 3 және 4-курс студенттері болса, 5-уі –  АРЕС Petrotechnic Жоғары колледжінің 3-курс студенттері. Пилотты жобаға «Мұнай-газ кен алаңдарын дайындау және пайдалану» мамандығы бойынша сабақ үлгерімі жақсы студенттер ғана қатысты. Жоғарыда атап өткенімдей, іріктеуді оқу орындары жүргізді. 

Бүгінде «Ембімұнайгаз» АҚ өндіріске қажетті мамандықтар үшін іріктеуді жүргізеді: «Геология және пайдалы қазбалар кен алаңдарын барлау» / «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» / «Мұнай-газ кен алаңдарын дайындау және пайдалану». Жобаға қатысуға жүргізілетін іріктеуде сабақ үлгеріміне баса мән беріледі. Бұл өлшемге сәйкес келетін студенттер сұхбаттасу кезеңінен өтіп, нәтижесінде комиссия шешім шығарады.

Дуалды оқыту жүйесін енгізу тиімді болуы үшін кәсіпорында білікті жетекшілердің болуы шарт. Бұл бағытта жұмыс қалай жүрді?

- Жобаны жүзеге асыру үшін кәсіби білікті мамандардың ішінде 16 жетекші тағайындалды: учаске шеберлері, геологтар, 5-ші разрядты операторлар. Оларға «Жетекшілер жұмысының тиімділігін арттыруә тақырыбында курс ұйымдастырылды. Бұған қоса, «KAZENERGY» қауымдастығының бастамасымен кәсіби білім беру саласындағы қазақстандық-неміс серіктестік жобасы аясында 6 тәлімгер «Кәсіби және еңбек педагогикасы. Жетекшілер аттестациясы» тақырыбындағы семинарға қатысты.

Семинар 2015 жылдың қазан айынан бастап 2016 жылдың сәуір айы аралығында үш кезеңнен өтті. Барлық қатысушылар халықаралық біліктілік емтиханын тапсырып, «Өндірістегі тәлімгер» біліктілігін алып шықты. 

Аталған жүйе аясында тағылымгерлер (стажерлар) қандай мамандықтар бойынша дайындалады?

- Іріктеуден өткен студенттер ұңғыларды зерттеу операторы, технологиялық қондырғылар операторы, мұнай және газ өндіру операторы, сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғылар операторы мамандықтары бойынша індірістік тәжірибеден өтіп, білім алады. 

Дуалды оқыту жүйесін жүзеге асыру қорытындысымен компания 16 студентті жұмысқа қабылдады. Түлектер қандай өлшемдер бойынша іріктелді? Тағылымгерлерді жұмыспен қамтудың Компания үшін қандай тиімділігі бар?

- Қазіргі таңда оқу орындарын тәмамдаған соң түлектер жұмысқа орналасар кезде  қиындықтарға тап болатынын бәрі біледі деп ойлаймын. Жұмыс беруші үшін білікті, еңбек өтілі бар жұмысшы қажет. Ал, студенттеріміз жоғары оқу орындарында тек теориялық білім алумен ғана шектеледі. Осы орайда, біздің өндірістік алаңдарда тәжірибеден өткен студенттердің мүмкіндіктері басымырақ. Өйткені, олар теориялық білімдерін өндірісте ұштастырып көрді. Тағылымдама кезінде олар білікті мамандардың жетекшілігімен таңдаған мамандықтарының қыр-сырын меңгеріп, вахталық негізде жұмыс жасады. Жүйе қорытындысымен барлық студент теориялық және тәжірибелік бөліктерден тұратын емтихан тапсырады. Олар емтихандық билеттердегі: 2-уі негізгі мамандық бойынша, ал, біреуі қауіпсіздік техникасы жөніндегі сұрақтарға дұрыс жауап беруі тиіс және өндірісте жинақтаған тәжірибелерімен бөлісулері керек. Емтихан қорытындысы бойынша  кәсіпорынның ішкі құжаттарына сай тестілеу жүргізіліп, соның нәтижесінде шекті нәтижелерге қол жеткізген түлектер компанияға жұмысқа орналасты.

Ал, екінші сауалыңызға келер болсақ, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның көздеген мақсаты – Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін мамандарды даярлау!  Аталған жобаның арқасында дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алған түлек дипломмен қоса қолына мұнай компаниясында жинақтаған тәжірибесі көрсетілген еңбек кітапшасын алып шығады.  

Әрине, оларда өзге түлектерге қарағанда жұмысқа орналасу мүмкіндігі де жоғары болады. Жоба жүзеге аса бастаған 2015-2017 жылдар аралығында «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай өндіру басқармалары базаларында 69 студент тағылымдамадан өтіп, оның ішінде, 16-сы жұмысқа қабылданды. Компания үшін тиімділігіне келер болсақ: жобаны жүзеге асыру арқылы біз компанияның және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сұранысына сай келетін білікті жас мамандарды даярлап, жұмысқа қабылдаймыз.

Сұхбатыңызға рахмет!      

Сұхбаттасқан Л. СҮЛЕЙМЕНОВА